Төтенше жағдай мен карантин кезінде шығынға белшесінен батқан саланың бірі - туризм. Дүниежүзілік саяхат және туризм жөніндегі кеңестің мәліметінше COVID-19 кесірінен әлемдік саяхат саласында қызмет көрсететін 50 млн жұмыс орны жабылып қалуы мүмкін. Италияда өткен жылмен салыстырғанда сапарға шығу мақсатымен әуе билеттерін брондау 94%-ға, Ұлыбританияда 63%, Испанияда 84%, Германияда 65%, Францияда 74%-ға азайған. Мұны сарапшылар соңғы жүз жылдағы ең төменгі көрсеткіш деп отыр. Қысқасы, дүниежүзілік туризм саласының «шығар шықпас жаны бар».

Ал Қазақстанда қиындықтар короновирус тарап, ең танымал бағыттарға ұшу тоқтаған тұста басталған. Төтенше жағдай мен карантин алдында саяхатқа шығып үлгергендерді мемлекет кейін арнайы ұшақтармен алдыруға мәжбүр болды. Бұл уақытта шетелде 5 914 қазақстандық демалып жатқан. Оларды қайтару үшін 1 млрд теңгеге дейін қаржы қажет еді. Осы салаға жауапты оператор «Туристік Қамқор» қоры 4-5 күнде елге 6 мыңға жуық туристі қайтарып, бұл жұмысты жедел жүзеге асырды. Туристік агенттіктер аталған мәселені өздері шешкенде, онда саладағы жағдай қазіргіден де қиындай түсетіні анық болатын. Әйтсе де бүгінде туристік агенттіктер алдында саяхатшыларға қонақ үй мен әуе билеттері үшін төленген 4,6 млрд теңгені қайтару сынды күрделі шаруа тұр.
Қазіргі кезде сектордың нақты шығыны туралы мәлімет жоқ. Туристік агенттіктер коммерциялық құпия деп, кіріс, шығысы туралы есеп беруді жақсы көрмейді. Алайда олардың тығырыққа тірелгенін мемлекеттен көмек сұрап, дабыл қаққанынан білуге болады. Дәл қазір жұмысы тоқтаған туризм бизнесінің өкілдері үкіметке салықтан, түрлі жарналардан босатып, несиелері бойынша өсімпұлдарды тоқтатып, кейінге шегеруді, 1-3 жылға кепілсіз және пайызсыз несие беріп, айлығы төленбейтін демалысқа жіберілген қызметкерлеріне бюджеттен күнкөрістің төменгі шегіндегі көлемде қаржы бөлуді сұрап, ашық хат жолдаған. Сонымен қатар саланы субсидиялау қажеттігін айтқан. Қазақстан туристік қауымдастығы бұл хатта туризм саласында 80 мың адам жұмыс істейтінін, олардың 90%-ы әйелдер екенін, көпшілігі жалғызбасты немесе көпбалалы ана, отбасының жалғыз асыраушысы, мүгедек балаларды бағатынын жазған.
Дағдарыстан шығудың жолдары
Бұл мәселеге карантин басталған тұста Мемлекет басшысы мен «Атамекен» ҰКП-да бірден көңіл бөлді. Басқа да айтарлықтай шығын шеккен салалармен қатар Президент жарлығымен туристік компаниялар 1 сәуірден 1 қазанға дейін табыс салығынан босатылды. Жалпы салық бойынша төлем мерзімі үш айға шегерілді.

«Атамекен» ҰКП мен «Kazakh Tourism» ҰК бірлескен жол картасына қол қойды. Жол картасы 27 іс-шарадан құралған 5 бөлімнен тұрады. Оларды 2020-2021 жылдары іске асыру жоспарланған. Мұндағы негізгі бағыт ұлттық туристік өнім және туристік инфрақұрылымның дамыту.

«Kazakh Tourism» ҰК басқарма төрағасы Ержан Еркінбаевтың айтуынша бұл құжатта ішкі туризмді дамытуға, атап айтқанда балалар және сауықтыру туризмі, қолөнерді ілгері жылжытуға басымдық берілген.

Ал туристік қауымдастық болса карантин кезінде және кейін дағдарысқа төтеп беру, қаржы көздерін табу, дағдарыстан шығу туралы онлайн семинар, тренингтер мен заңгерлік кеңес беруді күшейткен. Қауымдастығының сайтына көз салсаңыз «Kazakh Tourism» ҰК, әкімдіктер мен туристік компания өкілдерінің онлайн жиыны күн сайын өтуде. Мәселен «Қазақстан Республикасындағы туризмді дамытудың жаңа тәсілдері» атты соңғы онлайн семинарды 16 сәуір күні ішкі саяхат бағытында жұмыс істейтін компанияның атқарушы директоры Дәурен Валиев өткізген. Себебі - әлемде туристік компаниялар биыл ішкі туризмді дамытуға көңіл бөліп отыр. Жоғарыдағы «Жол картасының» да басым бағыты да осы.
Тасымалдаушылар да дабыл қағуда
Пандемия салдарынан елімізде әуе рейстерінің 95% тоқтатылды. Сәуір айында 4340 рейс орындалмады. Мұндай қиындыққа әлемнің барлық әуе компаниялары тап болды. Саяхатшылар жолға шығудан бас тартып, билеттерін қайтара бастады. Әдетте қазақстандық жолаушылардың 7%-ы билеттерін қайтарса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 80%-ға жетті. «Барлық компаниялар міндеттемелерін орындаймыз деген кепілдеме берді. Сондықтан қазір карантиннің тезірек бітіп, әуе және теміржол қатынасының жандануын күтеміз», - деді Chocofamily Holding бас атқарушы директоры Рамиль Мухоряпов.
Карантин ішкі туризмді дамытуға
мүмкіндік береді
Әлемдік сарапшылар пандемияның экономикаға әсері жыл соңына дейін жалғасады деп топшылауда. Соның салдарынан халықаралық туризмнің бағасы көтеріледі. Нәтижесінде валютасы құнсызданған дамушы ел тұрғындарына шетелге сапарлау қымбатқа түседі. Ал кейбір мемлекеттердің сырттан келетін туристерді күтіп алу мүмкіндігі болмайды. Мәселен, Испанияның туризм министрі Рейес Морото жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында аталған елдің былтырғыдай 87 миллион туристі күтіп алатын мүмкіндігі болмайтынын айтқан. Ал жаппай вирусқа шалдыққан Италияға баруға жағдайы жақсы саяхатшының жүрегі дауалай қоймас. Сарапшылардың пікірінше халықаралық туризм пандемияның әсерінен түбегейлі өзгереді. Оның ішінде инфрақұрылым да бар. Туристерді бір-бірінен алшақ орналастыру, қонақ үйлер мен теңіз, көл жағалауларында санитарлық талаптарды сақтау бойынша бірқатар жұмыстар жасалуы керек. Соның нәтижесінде биыл халықаралық туризм құлдырап, ішкі туризм жандануы мүмкін.
Шетелге сапарлау келер жылға қалады
Sojern маркетингтік компаниясының зерттеуінше туристер биылғы жылы өз елдерінде саяхаттауға тырысады. Шетелге сапар тек 2021 жылы жандана бастауы мүмкін. Өйткені әлемде ағымдағы жылға алған билеттерін кері тапсырып, 2021 жылға көбірек билет сатып ала бастаған туристер көбейген. Мәселен, соңғы 15 күнде Испанияда 2021 жылға брондалған билеттер былтырғымен салыстырғанда 160%-ға, Ұлыбританияда 242%-ға өскен. Яғни, 2020 жылғы көрсеткіш түскен, келер жылға өскен. Сондықтан туристік компаниялар биыл ішкі нарыққа қызмет көрсетіп, жан сақтап қалуға тырысуы керек.
Қазақстандық туризм нарығында онлайн қызметтер дамымаған
Қазіргі карантин кезінде әлемдік туристік компаниялар қолға алған бағыттың бірі - онлайн туризм. Market Research Future зерттеу институты өткен жылы 2023 жылға қарай онлайн туризм нарығының жалпы көлемі 1 134,55 млрд долларға жетеді деп болжаған. Коронавирус кезінде әлемде онлайн қызметке сұраныс күрт артқанын есепке алсақ, бұл көрсеткіштің де еселенетінін болжауға болады. Алайда Қазақстан аталған салада әлі көшке ілесе алмай отырғаны байқалады. Билеттерді брондау, сатып алудан бастап баратын жері туралы фото, видео мәлімет алуға болатын Booking Holding, Expedia Group, Airbnb, Ctrip сынды ресурстарда Қазақстан туралы мәліметтің аздығынан бастап, мұндай қызметтің отандық баламасын таппайсыз. Туристер әр қызметті түрлі ресурстардан іздеуге мәжбүр. Дәл қазіргі дағдарыс уақытында сол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік бар.
Құралай Құдайберген
Бөлім басшысы - тілші
Made on
Tilda